Жастар

Жайдарманшылар Ақтөбеде бас қосты

Өнер орталығының сахнасында Ақтөбе қаласы әкімінің кубогына арналған республикалық «Жайдарман» ойыны өтті.

Шаһардың 150 жылдық мерейтойына арналған шара Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша қала әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен өтті.

Ойынды «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен жүргізді. Әзіл додасында биылғы «Жайдарман» маусымы ашылғалы бері үздік өнерлерімен көзге түсіп жүрген ылғи мықты командалар бақ сынады. Атап айтсақ, Маңғыстау облысының «Боранқұл», Жаңаөзен қаласының «Жалын», Шымкент қаласының «Бүгін.kz», Орал қаласының «Грант», Қостанай облысының «Ару.kz», Қызылорда облысының құрама командалары бар. Сондай-ақ жергілікті «Фемида», «Эконом класс», «Дежавю» және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінен құрама командалары қатысты.

Шараның ашылуында қала әкімі І.Испанов сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

— Биыл 1869 жылы іргетасы қаланған құтты мекен Ақтөбеміздің мерейтойын тойлап жатырмыз. Бүгінде қаламызда 500 мыңдай халық бар. Шаһарды өркендету үшін барлық салаларды жан-жақты дамытуымыз керек. Әсіресе, жастар өздерінің мүмкіндіктерін толық пайдалана біліп, өз бағытын таңдауы керек. Бұл бағытта жайдарманшылардың ойы ұшқыр, кез келген саладан хабардар, жан-жақты болып келеді. Оларды бүгінгі додаға қосып, туған жерге келіп мерейтойға атсалысып жатқан жастардың жанашыры Есен Елеукенге ризашылығымды білдіремін, — деді қала әкімі өз сөзінде.

Ойын «Сәлемдесу» кезеңінен тұрды. Жалпы, барлық командалардың ойыншылары да өткір әзілдерімен көрінді, қоғамның өзекті мәселелерін ашық әрі тапқыр жеткізуге тырысты.

Сайыс нәтижесінде, әдемі ойын өрнегін көрсете білген Ақтөбе қаласының «Фемида» командасы қазылар алқасының шешімімен Әкім кубогына және 300 мың теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды. Алайда жеңімпаз команда өз жүлделерін Қостанайдан келген «Ару.kz» командасына берді. Ал, екінші, үшінші орындарды (200 мың теңге, 100 мың теңге) Жаңаөзен мен Шымкент қаласынан келген командалар өзара бөлісті.

Ойын соңында «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен:

— Бүгін Өнер орталығының сахнасында алғаш рет республикамыздың түкпір-түкпірінен жастар жиналды. Көрермендердің «Жайдарманға» деген ерекше ықыласын байқадық. Өкініштісі, қаншама халық залға сыймай сыртта қалды.  Сондықтан мұндай шараны жиірек ұйымдастыру керек деп есептеймін.

Жастардың қазіргі беталысы жақсы. Талапты жастардың бәріне сәттілік тілей отырып, Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Қаламыз өркендеп, дами берсін, — деді.

Ал, «Қазақстан КВН одағы» Ақтөбе КВН филиалының директоры Мақсат Әбдікеров:

Қазірдің өзінде Ақтөбедегі жоғары және арнаулы оқу орындарды, мектептерді қосқанда 100-ден аса «Жайдарман» командалары бар. Талантты жастар өнер ортасын өздері іздеп келуде.

Қазіргі таңда «Жайдарманның» аудиториясы өте кең. Біз жыл сайын үш лигаға бөліп, жастар арасында іріктеу жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде, мықты чемпион командаларды анықтаймыз, – деді.

Сондай-ақ шара барысында қала әкімі І.Испанов «Екі Езу» әзіл-сықақ театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқанға, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрхан Кәдірбаевқа, сондай-ақ

«Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукенге «Ақтөбе қаласына — 150» жыл мерекелік төсбелгілерін табыс етті.

Осылайша лайықты өнер көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button